Федоровка ауылы
Батыс Қазақстан облысының құрамындағы Теректі ауданы 1933 жылы құрылған болатын. Ауданның әкімшілік орталығы-Федоровка ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 45 км шығысқа қарай жатыр. Ауданның аумағы 8,0 мың шаршы км, бұл Батыс Қазақстан облысы аумағының 5,3 пайызы. Аудан Жайық өзенінің солтүстік жағалауында, облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ауданның солтүстік шекарасы - Жайық өзені, батысында - Орал қаласы, шығысында Бөрлі ауданының, оңтүстігінде Сырым және Ақжайық аудандарының жерлерімен шекаралас.
Ауданның әкімшілік-аумақтық орналасуы: 15 ауылдық округ, оның ішінде 52 елді мекен. Аудан тұрғындарының саны 38 079 адам (2019 ж. 01 сәуіріне). 11 ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Облыс аумағындағы ірі аудандырдың бірі - Теректі ауданы ежелден Еуропа мен Азияны тоғыстырған тарихи аймақ. Бұл жермен Ұлы Жібек жолы өткен. Ғасырлар өтсе де, дәстүрлі жолдан таймаған ауданның жерімен Еуропа мен Азияны байланыстыратын темір жол, республикалық маңыздағы «Самара-Шымкент» және «Подстепное-Федоровка-Ресей Федерациясының шекарасы» тас жолы өтеді, халықаралық «Ақжол» әуежайы әлемнің қай жеріне болса да, жетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге ауданда инфрақұрылымның барлық түрі қарастырылғандықтан кәсіпті жүргізуіне үлкен мүмкіндіктер бар.
Аудан аумағында «Ақжайық Санаториясы» ЖШС шипажайы орналасқан. Бұл жерде облыс және шетелдерден келген қонақтар Жайық өзені жағасында демалып, жүрек-тамыр жүйесі және т.б аурулардан емделеді.
Ауданда жалпы білім беру және арнайы оқу орындары жүйесі жақсы дамыған. Барлық мектептер компьютерленген, пәндік және мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. Оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша түскен түлектер саны жыл санап өсуде. Ауданымыздағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясы - облыс бойынша алдыңғы қатардағы білім беру мекемелерінің бірі.
Аудан аумағында тарихи, табиғаты ерекше қорғалатын жерлер бар. «Братановский яр» шатқалында әлемге әйгілі, Нобель сыйлығының лауреаты М.А. Шолоховтың саяжай-мұражайы, Шалқар ауылдық округіндегі Сарыөмір ауылында қазақтың танымал ағартушысы, ойшыл, жазушы Хамза Есенжановтың мұражайы орналасқан.
Орал өңірі табиғатының тамаша тарихи ескерткіштерінің бірі, ауданның оңтүстік-батысындағы Қазақстандағы ірі көл - Шалқар көлі. Орал қаласынан 75 км жерде орналасқан. Шалқар көлі балық пен құстарға бай.