Тасқала ауылы

Жайық өзені аймағындағы Каменка елді мекені (Тасқала ауылының ескі атауы) ХVІІІ ғасырдың әйгілі натуралисі П.С.Палластың 1768-1773 жылдар арасында «Петербургтен Байкалға дейін табиғатты жанжақты зерттеу экспедициясы» жөніндегі еңбегінде аталған. Тасқала ауданы 1933 жылы 8 қарашада құрылып, 1996 жылға дейін Камен ауданы аталып келді. Аудан Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батыс бөлігінде, Қазақстан мен Орталық Азияны Ресейдің Еуропалық бөлігімен қосатын темір жолы бойында, сонымен қатар Орал-Саратов автокөлік жолының бойында орналасқан, Ресей Федерациясының Саратов облысымен, Батыс Қазақстан облысының Зеленов, Ақжайық және Казталов аудандарымен шектеседі. Ауданның жалпы аумағы 806,1 мың гектар, халық саны 2014 жылдың 1 қаңтарына 17,6 мың адам болды. Аудан орталығы - 7,9 мың халқы тұратын Тасқала ауылы, облыс орталығы Орал қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан. Аудан рельефінің таулы және тепе-теңдік сипаты бар. Аудан аймағында Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі, теңіз деңгейінен 259 метр биіктік құрайтын, жергілікті маңызы бар табиғат ескерткіші «Большая Ичка» (Ешкі Тау) тауы бар. Бұл ескерткіш ретінде табиғи ландшафтты сақтау мақсатында көлемі 175 га көлемінде бекітілген. Бұл таудың басынан ашық күндері 80 шақырым қашықтықтағы Орал қаласы, 45 шақырым жердегі Саратов облысының Озинки ауылы көрініп тұрады. Таудың шығыс баурайында тұщы су бұлағы ағып тұрады, орман - қалақай алқабы сақталған, сирек кездесетін өсімдіктер, суыр, безгелдек тағы да басқа жануарлар кездеседі. Бұдан басқа Тасқала ауылы айналасында Глазистая, Сундук гора, Синегорье таулары бар. Ауданның гидрографикалық желісіне Шаған өзеніне құятын 90 шақырым ұзындығы бар- Деркөл өзені, 1-Шежін, 2-Шежін шағын өзендері кіреді. Киров бөгенінен бастау алатын Жайықбай каналы - Косшы, , Қазақстан, Шежін және Мереке ауылдық округтері аумағымен өтеді. Шежін ауылдық округінің аумағында «Бірқазан» мемлекеттік қорығы бар, онда суда жүзетін құстар мен жабайы аңдар қоныстаған. Ауданның бұл жағдайы Орал қаласы мен аудан көлеміндегі аңшылар мен балық аулаушыларды былай қойғанда, Ресей Федерациясының көршілес Самара және Саратов губерниясының аңшы және балықшы әуесқойларын қызықтырады. Аудан құрылған мезгілде барлығы 40 колхоз, 6 совхоз және 2 МТС қалыптасып, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Кәзіргі таңда ауданның әкімшілік-аумақтық бөлінісі 9 ауылдық округтен құралып, онда 28 елді мекен орналасқан. Ауданның әлеуметтік экономикалық дамуының басым бағыты - мал шаруашылығы және егін шаруашылығы болып табылады.